26.11.2025 11:10 • 224 просмотров
2025 жылғы 26 қараша – PR және медиа саласының кәсіби мамандары қауымдастығы (APRM) салалық комитеттердің төрағаларын сайлау нәтижелерін жариялады. Төрағалар комитет мүшелері (103 адам) арасында төрт күнге созылған онлайн дауыс беру арқылы бір жылға сайланды.
Әрбір комитетте өзін-өзі ұсынған кандидаттардың саны – екіден төртке дейін болды. Дауыс беру нәтижесі салыстырмалы басымдық принципі бойынша анықталды: комитет ішінде ең жоғары пайыздық көрсеткішке ие болған кандидат төраға болып сайланды. APRM сайлауға белсене қатысып, кәсіби ұстанымы мен мазмұнды бағдарламаларын ұсынған барлық қатысушыларға алғыс білдіреді.
PR мамандығының мәртебесі мен беделі жөніндегі комитет
Төраға: Айнұр Жұмаділова, ҚР Ұлттық Банкінің Ақпарат және коммуникациялар департаменті директорының орынбасары (73,7%)
«Маған сенім білдірген әріптестеріме алғыс айтамын. Бұл мен үшін әлеуметтік және кәсіби капиталымды толық пайдаланған жарқын әрі пайдалы «сайлау науқаны» тәжірибесі болды. PR/media саласының мүддесіне адал қызмет етуге дайынмын. Біз, PR мамандары, бизнестің, мемлекеттің және қоғамның стратегиялық серіктесі ретінде тұтас салалардың беделіне әсер етеміз. Алайда біздің кәсібімізде әлі де айқын стандарттар, мәртебе және ашық KPI жүйесі жоқ. Комитет осы қағидаларды әзірлеп, енгізумен айналысады. Бұл жұмысқа PR және GR саласындағы тәжірибемді қосуды жоспарлаймын».
Этика және өзін-өзі реттеу комитеті
Төраға: Салтанат Әскербекқызы, PR-сарапшы, бизнес-жаттықтырушы, спикерлерді даярлау бойынша тренер (55,6%)
«PR және медиа саласын ел идеологиясының тірегі деп санаймын. PR мамандары – идеология стратегиясын қалыптастыратындар, ал медиа – сол идеологияны халыққа жеткізетін көпір. Сондықтан сала мамандарының кәсіби қауымдастығы адам этикасын тек құқықтық деңгейде емес, қоғамдық санаға әсер ететін маңызды құндылық ретінде көтеріп, оны нақты шаралар арқылы өмірге енгізеді деп үміттенемін. Бүгінде «әлеуметтік желі халық эмоциясын сілкілеп тұрғанда» біздің адамдығымызды сақтап қалуға көмектесетін – әдеп. Ата-бабамыз дәл осы әдеп арқылы керемет дәстүріміз бен мәдениетімізді қалыптастырып, адамгершілікке негізделген «Дала институтын» жүзеге асырған. Сол себепті Этика және өзін-өзі реттеу комитеті қоғаммен коммуникацияда ауадай қажет».
Кәсіби құзыреттер мен стандарттар комитеті
Төраға: Олеся Колесниченко, PR Guide агенттігінің директоры (50%)
«APRM-нің кәсіби құзыреттер мен стандарттар жөніндегі комитетін басқару – мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Себебі біз әріптестерімізбен бірге Қазақстанның PR индустриясының қан айналым жүйесін – заманауи PR стандарттарын құрумен айналысамыз. Түсінікті, ашық әрі кәсіби ережелерді қалыптастыру арқылы комитет PR саласының жаңа даму кезеңіне жол ашады. Бұл стандарттарда принциптер, этика және біліктілік талаптары көрініс табады, әрі олар агенттіктердің, клиенттердің, медианың және мамандардың мүдделерін ескереді. Сенім білдірген әріптестеріме шын жүректен алғыс айтамын. Біз бірге PR мамандығының мәртебесін арттырып, саланың кәсіби дамуына өз үлесімізді қосамыз деп сенемін».
Коммуникацияларды зерттеу және талдау комитеті
Төраға: Айнұр Ысқақова, Red Bull Kazakhstan компаниясының PR-жетекшісі (42,9%)
«Біз медиатұтыну, арналарға сенім және коммуникациялар тиімділігі бойынша деректерді жинап, құрылымдауға тиіспіз. Бұл әрбір қауымдастық мүшесіне интуицияға емес, нақты сандар мен стандарттарға, жұмыс құралдарына сүйенуге мүмкіндік береді. Біз тұрақты салалық зерттеулерді іске қосамыз, PR және медиа жобалары үшін бірыңғай KPI жүйесін енгіземіз және әріптестерді аналитиканы қолдану дағдыларына үйретеміз. Нәтижесінде әр хабар, әр шара, әр кампания неғұрлым дәл жұмыс істеп, кәсіби орта мен қоғам үшін нақты пайда әкелетін болады».
Медиа және қоғаммен өзара іс-қимыл комитеті
Төраға: Әлия Оразымбетова, PR-сарапшы, BDSM, TechnoWomen Central Asia Кеңесінің мүшесі (37%)
«Комитет төрағасы ретінде Ассоциацияның медиа алаңдағы белсенділігін арттыру мен ашық, кәсіби және заманауи коммуникациялық орта құруға күш саламын. БАҚ, блогерлер және цифрлық платформалармен ынтымақтастықты дамытып, индустрия үшін ұсыныстар мен стандарттар қалыптастыруды, сондай-ақ PR мамандығына деген сенімділік пен ашықтықты арттыруды жоспарлап отырмын. Digital, жасанды интеллект және этикалық коммуникация салаларында тәжірибе алмасу, диалог пен оқыту алаңын құру маңызды. Әйелдер мен жастардың PR мен медиа салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейту – мен үшін жеке басымдықтардың бірі».
APRM барлық сайланған кандидаттарды жеңісімен құттықтап, жұмыста табыс тілейді. Әр комитеттің қызмет бағыты мен миссиясы туралы толық ақпарат APRM-нің ресми сайтында қолжетімді.
*Анықтама: APRM – 2025 жылдың көктемінде құрылған қоғамдық бірлестік. Құрамында коммуникация, PR және медиа саласындағы 270-ден астам маман бар. Қауымдастық саланың кәсібилігін арттыруға, ашықтық пен этика қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған. Мүшелікке өтінім беру aprm.kz сайтында қолжетімді.
Байланыс үшін:
Электрондық пошта: aprm2025@gmail.com
Сайт: aprm.kz
Тел.: +7 775 463 9076