Summer Camp 2026: Қауымдастықтың төртінші жиналысы қалай өтті

28.07.2026 05:22 • 138 просмотров

Summer Camp 2026: Қауымдастықтың төртінші жиналысы қалай өтті

Астанада PR және медиа саласының кәсіби мамандары қауымдастығының (APRM) төртіншіжалпы жиналысы Summer Camp 2026 білім беру интенсиві форматында өтті.

Жиынға кәсіби қауымдастықтың 70-ке жуық өкілі – APRM мүшелері, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің жетекшілері мен мамандары, медиа, коммуникациялық агенттіктер және корпоративтік сектор өкілдері қатысты.Қатарда өңірлерден келген жандар да бар.

Жиынның негізгі мақсаты – қауымдастықтың алғашқы жылдағы қызметінің қорытындыларын шығару, кәсіби тәжірибе алмасу, коммуникация саласындағы өзекті үрдістерді талқылау және APRM-нің алдағы даму бағыттарын айқындау.

Қатысушылар Қауымдастықтың төрт салалық комитеті ұйымдастырған жеті тәжірибелік воркшопқа қатысты. Атап айтқанда, PR мамандығының мәртебесі мен беделі комитеті, Этика және өзін-өзі реттеу комитеті, Кәсіби құзыреттер мен стандарттар комитеті, сондай-ақ Медиа және қоғаммен өзара іс-қимыл комитеті өз бағыттары бойынша практикалық воркшоптарөткізді.

Бағдарлама қазіргі коммуникация саласындағы ең өзекті тақырыптарды қамтыды. Алғашқы сессиялар барысында қатысушылар «Беделді 60 минутта сақтап қал» атты антикризистік ойынға қатысып, салалық зерттеу нәтижелерімен танысты, PR саласының кәсіби стандарттары жобасын талқылады. Сонымен қатар, коммуникациялық міндеттерді шешуде жасанды интеллект құралдарын пайдалану, жеке AI-ассистенттерді әзірлеу және вайбкодинг тәсілдерін қолдану жолдары ұсынылды.

Екінші бөлімде сарапшылар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды PR қызметінде қолданудың практикалық мысалдарын ұсынды. Сондай-ақ энергетикалық холдингтің коммуникациялық тәжірибесі негізінде қазіргі медиа трендтер талданды, заманауи PR маманының құзыреттері мен PR агенттіктерінің рөлі талқыланды. Жеке сарапшылық брендті қалыптастыру және жарнамалық бюджетсіз ілгерілету құралдары жөнінде тәжірибелік ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, APRM комитеттері төрайымдары атқарылған жұмыс қорытындыларын ұсынып, жүзеге асқан жобалар мен бастамалар туралы баяндады, қол жеткізілген нәтижелерді таныстырып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды белгіледі.

 

Summer Camp 2026 аясындағы салтанатты рәсімде ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов ақпарат және коммуникация саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен APRM мүшелерін марапаттады: Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің деканы Айгүл Жамалова, «ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Меруерт Палмаханова және PR және медиа саласының кәсіби мамандары қауымдастығының төрайымы Ақерке Берлібай.

Жалпы жиналыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі APRM-нің одан әрі институционалдық дамуы болды. Қауымдастық мүшелері басқару құрылымын жыл сайынғы ротациялау жүйесін енгізу бастамасын бірауыздан қолдады.

Жаңа модель Қауымдастықты басқарудың үш деңгейін – құрылтайшыларды, Қауымдастық кеңесін және атқарушы органды кезең-кезеңімен жаңартуды көздейді. Бұл тәсіл APRM мүшелерінің ұйым қызметіне белсенді қатысуына мүмкіндік беріп, жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашады әрі кәсіби қауымдастықтың әрбір белсенді мүшесіне басқару үдерісіне атсалысып, саланың дамуына жеке үлес қосуға жағдай жасайды.

Бүгінде APRM еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 300-ден астам маманның басын біріктіріп, қоғаммен байланыс саласындағы жетекші кәсіби бірлестік ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде.

Қауымдастықтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдың қыркүйек айынан бастап жыл сайынғы мүшелік жарна енгізіледі. Оның мөлшері жылына 75 000 теңгені құрайды. Бұл шешім APRM жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыруға, білім беру бағдарламаларын кеңейтуге, комитеттердің жұмысын қолдауға және қауымдастық мүшелері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Төртінші жалпы жиналыстың қорытындысында қатысушылар APRM өз дамуының жаңа кезеңіне сенімді қадам басқанын атап өтті. Алдағы уақытта Қауымдастық PR саласын институционалдық тұрғыдан дамытуға, кәсіби стандарттарды жетілдіруге, білім беру бастамаларын іске асыруға және коммуникация саласының өркендеуіне үлес қосуға ниетті әрбір маман үшін ашық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған жұмысын жалғастырады.